«ҚАЗАҚМЫС» – ҚУАТТЫ КОМПАНИЯ
Тұсауы енді кесілен тәуелсіз ел мен тоқыраудың «топалаңы» текетірескен талматұс: қаңтарылған кәсіпорын, күйзелген халық!
Қуатты комбинаттан да қадыр қашты: отыз мыңдай адам айлап жалақы алмады. Қыруар қарыздың құрсауында қалды.
1992 жыл. «Жезқазғантүстімет» АҚ құрылды. Өндірістік қуатты қалпына келтіру мен тиімділігін арттыру және инвестиция тарту мақсатында кейін жекеменшікке өтті.
1995 жыл. АҚ акциясының мемлекеттік пакеті «Самсунг» фирмасына бес жылға басқаруға берілді. Арқадағы алыптың ауған жүгін жөнге келтіруге ол байыпты бизнес-жоспармен жедел кірісті.
1997 жыл, 11 тамыз. Жезқазғандық комбинат базасында «Қазақмыс» корпорациясы құрылды.
2014 жыл, 31 қазан. «Қазақмыс» тобы қайта құрылып, екіге: жекеменшік «Қазақмыс» корпорациясы мен жариялы «KAZ Minerals PLC» компаниясына бөлінді.
Бұдан жеті жыл бұрын кеншілер қаласында «Қазақмыстың» өндірістік құрылымында қызмет қылатын жастардың алғашқы слетi өтті. Ондай шара одан кейін өткен-өтпегенін білмеймін, бірақ, сол слеттің кейбір кезеңі есте қалыпты.
Бүгінгі сенатор, ол кезде «Қазақмыс» компаниясының iшкi және кадр саясаты жөнiндегi басқарушы директоры болған Сергей Ершов: «Слеттiң мақсаты — жiгерлi жастың талабын ұштау, тұлға болып қалыптасуына септiгiн тигiзу» деген.
Қарағанды, Балқаш, Өскеменнен келген және Жезқазған мен Сәтбаевтан сайланған слет делегаттары құрметтi қонақ — сол кездегі «Нұр Отан» ХДП төрағасының бiрiншi орынбасары Нұрлан Нығматулиннің әңгімесіне құлшына құлақ түрген.
Сол слетте ғой, кезінде жаңадан құрылған корпорацияға лайықты ат таба алмай, тығырыққа тiрелгенін тілге тиек еткен «Қазақмыстың» президентi Владимир Ким былай деген: «Нұрсұлтан Әбішұлы да бар еді, әңгімеге көп араласпай, ой құшағында отырған. Бір кезде иегін әнтек көтеріп: «Жігіттер, «Қазақмыс» десек қалай болады?» деген. Ұтымды ұсынысты бәріміз қызу қолдадық».
Экономикалық күйзелістен қажыған қарапайым халық «Қазақмыстың» құрылуын қайырлы қадам ретінде қабылдады...
Тағы бір жағдай жадымда жаңғырады.
Әлі есімде. Шіліңгір шілдедегі Арқаның апшыны қуырған аптап аңызағы айылын жияр емес. Күн көкжиекке құласа да, ыстықтың беті әлі қатты. Соған қарамастан, Жезқазған қалашығындағы Кеншілер мәдениет үйіне қарай ағылған адамның қарасы мол.
Бүгін мұнда Үкімет қаулысы негізінде «Жезқазғантүстімет» АҚ тізгінін қолға алған «Самсунг» фирмасының өкілдері көпшілікпен кездесу өткізбек. Жаңа үрдіске жатырқай қараған жиналған қауымның көңілі күпті.
Бірқатар күрделі өндірістік буыннан тұратын комбинатты басқаратын топта 15 адам бар екені белгілі болды. Оған «Самсунг» фирмасындағы түстіметалл бөлімінің директоры жетекшілік жасайтын көрінеді. Қаржы-өнеркәсіп корпорациясы тобының басшылығы басқарушы етіп 35 жастағы Владимир Кимді тағайындапты.
Өндірісті техникалық қайта жарақтандыруды, оған басқарудың нарықтық-экономикалық тәсілін енгізуді және шикізат қорын көбейтуді қызметтің басты стратегиялық бағыты етіп белгілеген басқарушы компания тиімді шешім қабылдай білді. Оның дұрыстығына екі жылда көз жетті...
Арқадағы алыптың мүмкіндігі әлдеқайда мол екені бірден байқалды. Жағдайын жақсартып алған жезқазғандықтар шаруашылығы шатқаяқтаған басқа әріптесіне көмек қолын созды. Балқаштан бастады. Сосын кезек елдің шығысындағы комбинатқа келді.
Кейін Қарағанды қапталындағы бірқатар кәсіпорынды қамқорлығына алды. Ақыры жезқазғандық комбинат базасында корпорация құрылды. «Жезқазантүстімет» АҚ акционерлері жалпы жиналысының шешіміне сәйкес мемлекеттік тіркеуден өтіп, 1997 жылғы 11 тамызда «Қазақмыс» атанды.
"...жезқазғандық комбинат базасында корпорация құрылды. «Жезқазантүстімет» АҚ акционерлері жалпы жиналысының шешіміне сәйкес мемлекеттік тіркеуден өтіп, 1997 жылғы 11 тамызда «Қазақмыс» атанды."
Қазақстанда мыс өндірісінің қайта түлеуі мен тұрақты дамуын «Қазақмыстың» қалыптасу кезеңімен, демек, өткен ғасырдағы соңғы онжылдықтың екінші жартысымен байланыстырған орынды. Әлемге әйгілі қуатты компания қазір елдегі мысқа қатысы бар барлық кәсіпорынның басын біріктірген.
Бәсекелестікке бейім компания әлемдік іскер қауыммен қоян-қолтық араласып, Еуропа, Азия, АҚШ нарығында нық қадам жасады. 2005 жылы қазанда қазақстандық компания арасында алғашқы болып акциясын Лондон қор биржасына шығаруы халықаралық қаржы нарығында батыстық бай-бағыланмен терезесін тең ұстауға жол ашты.
Сол жылы желтоқсанда Ұлыбританиядағы 100 ірі листингтік компания тізіміне кірді. Ел экономикасының дамуына септігін тигізу мақсатында келесі жылы акциясын қазақстандық қор биржасында саудалай бастады. 2011 жылы Гонконг қор биржасына акциясын ойдағыдай орналастыруы, «Қазақмыстың» Азия қаржы кеңістіндегі қарышты қанат қағысына айқын дәлел болды."2005 жылы қазанда қазақстандық компания арасында алғашқы болып акциясын Лондон қор биржасына шығаруы халықаралық қаржы нарығында батыстық бай-бағыланмен терезесін тең ұстауға жол ашты".
Компанияның кемел келешегі өндіріс тиімділігін арттырумен, шикізат базасын нығайтумен, балама кен көзін игерумен, жаңа жұмыс орнын ашумен, әлеуметтік мәселені шебер шешумен, қысқасы — тұрақты әлеуметтік-экономикалық өсумен тығыз байланысты. «Қазақмыстың» жиырма жылдық тарихы басқаға беймәлім болғанымен, жезқазғандыққа біршама жақсы таныс.
«Қазақмыс» қабырғасы қаусап, қызметі құлдыраған комбинаттың «қоқысынан» қайта көтерілді. Қазақстан тарихының күрт бетбұрысты кезеңінде желкенін жайып, үмітін үкілеп экономика айдынына шықты. Ел шеңберінде шектеліп қалмады, бәсекелестік қызуы бет қаратпайтын капиталистік қауымдастыққа қадам жасады.
Оны ешкім күтпеген. Оған ешкім қол ұшын бермеген. Өйткені, кеңестік кеңістіктен кейін ТМД-да бұрынғы индустрия «қалдығынан» алғаш әлемдік деңгейде компания құруды қолға алған «Қазақмыс» еді. Ол бірден бет-бейнесін, бағыт-бағдарын айқындауға ұмтылды. Қоғам алдындағы жоғары әлеуметтік жауапкершілікті қызметінің темірқазығы етіп ұстады.«Қазақмыс» қабырғасы қаусап, қызметі құлдыраған комбинаттың «қоқысынан» қайта көтерілді. Үмітін үкілеп экономика айдынына шықты. Ел шеңберінде шектеліп қалмады, бәсекелестік қызуы бет қаратпайтын капиталистік қауымдастыққа қадам жасады.
"Ол бірден бет-бейнесін, бағыт-бағдарын айқындауға ұмтылды. Қоғам алдындағы жоғары әлеуметтік жауапкершілікті қызметінің темірқазығы етіп ұстады."
Бизнесте барлық өндірісті адамға қызмет қылуға бағыттады. Компания қызметкері мен оның отбасын ғана емес, корпорация кәсіпорны қоныс тепкен аймақтағы жалпы жұртшылықты жан-жақты әлеуметтік қорғауға алды. Оның бірпарасы елдің ортақ игілігіне айналған әлеуметтік-тұрмыстық мақсаттағы нысаннан, коммуналдық қызметке арзан ақы төлеуден көрініс тапты."...кеңестік кеңістіктен кейін ТМД-да бұрынғы индустрия «қалдығынан» алғаш әлемдік деңгейде компания құруды қолға алған «Қазақмыс» еді. Ол бірден бет-бейнесін, бағыт-бағдарын айқындауға ұмтылды. Қоғам алдындағы жоғары әлеуметтік жауапкершілікті қызметінің темірқазығы етіп ұстады."
Елдегі мыс қайнарының арқасында Арқада бой көтерген алып компания бүгінде белгілі бір аймақтың ғана емес, Қазақстанның түкпір-түкпірі үлкен үмітпен қарайтын көшбасшыға айналды. Тиянақты тұғыры Жезқазғанда орныққан «Қазақмыста» жеке шикізат қоры, отыны мен электр қуаты бар. Ешкімге тәуелді емес. Ең бастысы — онда өндірістің «майын ішкен» майталман маман мен білікті жұмысшы еңбек етеді.
Қазақстан Журналистер одағы
сыйлығының лауреаты.
(Жалғасы бар).
[ Регистрация | Вход ]