Главная » 2017 » Август » 4 » «ҚАЗАҚМЫС» – ҚУАТТЫ КОМПАНИЯ

«ҚАЗАҚМЫС» – ҚУАТТЫ КОМПАНИЯ

04.08.2017 в 06:51 просмотров: 1000 комментариев: 0
Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ:
«Экономикалық өсімнің тұрақтылығы үшін елдің тау-кен металлургиясы мен мұнай-газ кешендері өзінің стратегиялық маңызын сақтауға тиіс».
(2017 жылғы Жолдауынан).
 
Кен өңдеу кешені
Жезқазған. Қуатты кен өңдеу кешенінде ірі екі фабрика (ірілеп, орташа және майдалап ұнтақтау мен бас корпусы – жеке-жеке, ал, қойылту-сүзу торабы мен өндірістік қалдық қоймасы – ортақ) бар. Біреуінің жобалық қуаты жылына – 8 миллион, ал екіншісінің 13 миллион тонна кен өңдеуге жетеді.
Мұнда құрамындағы металдың минералы, физика-химиялық қасиеті мен флотациялау ерекшелігі бір-біріне ұқсамайтын, әртүрлі технологиялық талап пен реагенттік режим қажет ететін шикізаттың төрт түрі өңделеді. Олар: күкіртті, аралас және тотыққан мыс кені, металлургиялық өндіріс қалдығы (шлак).
Жезқазғанда өндірілген кеннің бәрі бұрын Оралға жөнелтілген. Оны жергілікті жерде өңдеу мәселесі кейін, соғыстан соң көтерілді. 1947 жылы №1 байыту фабрикасының іргетасы қаланды. 1953 жылы желтоқсанда бірінші кезеңі қатарға қосылды. 22 желтоқсанда алғашқы кенді қабылдады.
Жабдықты іске қосу барысында белгілі болған жекелеген жобадан ауытқу кемшілігі түзетілгеннен кейін кәсіпорын келесі жылдан бастап қалыпты жұмыс істей бастады. Сөйтіп, құнарлы концентрат алу жолға қойылды. Балқаш бойы мен Орал өңіріне кен жөнелту тоқтатылды.
1963 жылы №2 байыту фабрикасы пайдалануға берілді. Әсіресе, профессор Мостович тапқан тәсілмен тотыққан кенді өңдейтін секция бұрын мүмкіндік болмаған шикізатты кәдеге жаратуға жол ашты. Ал, реагентпен өңдеу арқылы құм мен шлам түйіршігін жеке флотациялау мыс айыру мөлшерін арттырып, концентрат сапасын көтерді.
Кен байыту тәжірибесінде тұңғыш рет мыс құмдағын байыту технологиясының көптеген мәселесі оң шешім тапты. Қиыршық мен қойыртпақты жеке флотациялау тәсілі игеріліп, өндіріске енгізілді. Жабдықты жетілдіруге, жаңғырту мен тиімді техниканың жаңа үлгісін жасауға үнемі айырықша назар аударылып келеді.
Мәселен, тиімділігі жоғары «КИД-1700», «КИД-2200» ұнтақтағышы кезінде осында өндірістік сынақтан өткізіліп, кем-кетігі жетілдіріліп, сосын игерілді. Сол ізденістің негізінде Ресейде әлемдік аренада алдына қара салмай келе жатқан шетелдік ұнтақтағышпен бәсекеге түсе алатын инерциялық түрі өмірге келді.
Бұл байыту фабрикасы 80-жылдары Қазақстан түсті металлургия өндірісінің қатты қалдығын пайдаланатын базалық кәсіпорынға айналды. Өндірістік қалдықты кешенді кәдеге жарату келешегі осы жерде дәйектелді. Өндірістік қалдықтың Ресурстар кадастры жасалды. Жезқазған мыс қорыту зауытының шлагын пайдалану сол кезде қолға алынды.
Кен қорына қатысты қордаланған мәйекті мәселе, ең алдымен, байытушының қабырғасына батады. Өйткені, ондағы мыс үлесі кеміп келе жатқандықтан, өңделетін кеннің көлемі ұлғаяды. Екіншіден сапалы кен қорын сақтау мақсатында байытылуы қиын тотыққан кенді өңдеуге тура келеді.
 
"Бұл байыту фабрикасы 80-жылдары Қазақстан түсті металлургия өндірісінің қатты қалдығын пайдаланатын базалық кәсіпорынға айналды".

Кәсіпорын тарихында ұжым талай тығырыққа тіреліп, ілкімді ізденіс пен табандылықтың арқасында жол тауып отырды. Әсіресе, қайта құру кезеңінде және экономикалық тоқыраумен тұспа-тұс келген одан кейін қиын жағдайға килікті. Мәселен, 1995 жылы кен өңдеу көлемі күрт кеміп, бар-жоғы 12,4 миллион тонна болды.
Қалыптасқан сондай күрделі жағдайға байланысты кәсіпорынның күйін жақсарту және өндіріс деңгейін бұрынғы қалпына келтіру міндеті күн тәртібіне өткір қойылғанда байытушылар сындарлы кезеңнен сәтті өтті. Үш жылдың о жақ, бұ жағында жобалық деңгейге жетті. Оған байытушы біліктілігі мен ұжым ұйымшылдығы игі ықпал етті.
Кенді көп өңдеп, маңызы шамалы шикізаттан құнарлы концентрат алу үшін тиімді технологиялық жүйені өндіріске енгізумен шектелмей, оны ұдайы жетілдіріп отырды. Тәулік бойы толассыз келетін кен керуенін кідіріссіз қабылдау мен технологиялық үдерісті үйлестіру, жабдық жұмысын бақылау басқарудың автоматтандырылған жүйесі арқылы жүзеге асты.
Қарап отырсақ, байыту фабрикасы қатарға қосылған күннен бастап байытушылар кен өңдеу мен металл қалқудың тиімді тәсілін табуда тынымсыз тер төгуде екенін көреміз. Дағдарыс діңкелеткен қазіргі күрделі кезеңде ұжым алдында шешімін күткен бірқатар маңызды өндірістік мәселе тұр. Ол байыпты бағдарлама бойынша бірте-бірте оң шешімін табуда.
Оған көз жеткізу үшін байытушылар бірегей бетбұрыс жасаған кейінгі он жылдың бедеріне көз жүгіртсек, жетіп жатыр. Жалпылама жосылтпай, нақты дерекке жүгінейік. 2006 жылы «КМД-2200» кен ұнтақтағышының алдына алымды елек орнату майда өнімді елеу есебінен қондырғының өнімділігін ұлғайтуға мүмкіндік берді.
2009 жылы 1953 жылдан қолданылып келе жатқан «ВРС-2» вагонаударғышының орнына заманауи «ВРС-120С2» түрі қойылды. Соның арқасында кен қабылдау мен жұмыс жағдайы едәуір жақсарды. №2 бас корпусқа жетілдірілген «РИФ 6,5» флотомашинасын қою технологиялық үдерісті жетілдіруге жол ашты.
Келешекте кәсіпорында технологиялық үдерісті басқарудың автоматтандырылған заманауи жүйесін орнату жоспарланып отыр. Сондай-ақ,  2015-2018 жылдары фабриканы техникалық қайта жарақтандырудың жөн-жосығын қамтитын бірегей бағдарлама жасалған.

Сәтбаев. Мысты өңірде шоғырланған кен құрамы оны кешенді өңдеп, негізгі өнімнен басқа қорғасын мен мырыш концентратын алу мәселесі күн тәртібіне қойылғанда жобасы дүниеге келген №3 байыту фабрикасының іргетасы қаланғаннан бастап, қалай қатарға қосылғанға дейінгі кезең күні кешегідей көз алдымда...
Апта сайын болмаса да, араға ай аралатпай құрылыс алаңына ат басын тіреп тұрдық. Сосын кеншілер қаласының оңтүстік қапталындағы өндірістік алаңда кереге жайып келе жатқан кәсіпорын, ондағы құрыш қолды құрылысшының қарқынды қимылы жөнінде жапатармағай жарыса жаздық.
Байыту фабрикасының қазығы тура осы тұсқа неге қағылып, неге табан тірегенін де білдік. Өйткені, келешекте оның технологиясына арналған шикізат өндіретін кеніш іргесінде орналасты, екіншіден, оның өндірістік қалдығын кені алынған кеңістікті толтыруға пайдалану көзделді.
Фабриканың жобасын жалғыз «Механобр» жасағанмен, оның құрылысына кім қатыспады?! Кәсіпқой құрылысшыны былай қойғанда, жазасын өтеп жүрген «химикті» де, құрылыс батальоны жауынгерін де, Жезқазған мен Никольский қаласындағы еңбек ұжымы «еріктісін» де, тіпті Жездіден келіп апталап жұмыс жасайтын «вахтовикті» де көрдік.
Маңызды нысанды облыстық партия комитеті жіті назарда ұстады. Қарқын сәл бәсеңдесе, құрылыс алаңындағы үлкенді-кішілі басшыға қырғидай тиетін. Үйлестіру штабының баспасөз орталығы шығаратын «Екпін» жедел хабаршысы аяғын аңдап баспай, шалыс кеткеннің бетін аймандай қылатын.
Тұсаукесер салтанаты да есімде сақталып қалыпты...
Журналистік кәсіпқой әуестікпен жаңа кәсіпорынның өзіндік ерекшелігі жөнінде жалқы сауал қойғаным жадымда. Сонда: «Технологиясы негізінен қорғасын мен мырыш концентратын алуға арналған. Бұл фабрика жуырда қатарға қосылатын «Анненск» кенішінің құрамы күрделі кенін кешенді өңдейтін болады» деген жауап алған едім.
Бірақ, тура сол сәтте әлгі «Анненск» кенішін пайдалануға берудің «жыры» ұзын-ырғасын алғанда жиырма жылға жалғасатынын, әлі алда он жыл жатқанын, қаржы қыспағының құрсауынан бұрын атын естімеген оңтүстік кореялық «Самсунг» фирмасы құтқаратынын ешкім білмеген. Тіпті ойға да оралмаған.
Тағдырдың тізгінін тартып ұстаған төреші – уақыт тарих көшінің бетін қалай бұрғаны көпшіліктің көз алдында. Бастапқыда бұл байыту фабрикасы мен «Анненск» кеніші бірегей кешен ретінде қарастырылғанмен, сол жобаны жүзеге асырудың сәті тым созылыңқырап кеткені бар.
Дегенмен, сәтбаевтық байытушылар компания басшылығы алға қойған міндетті мінсіз жүзеге асырып, күрделі өндірістік мәселені шешуге қаншалықты қабылетті екенін іс жүзінде көрсетті. Шикізат өңдеу тарихында тұңғыш рет құрамы күрделі кеннен металл қалқудың қалдықсыз технологиясы өндіріске алғаш жолдама алды.
Сынақ алаңына айналған онда талай толымды тәжірибе қалыптасты. Мәселен, жетілдірілген жаңа технологиямен 1987 жылы алынған мырыш концентратына тең келетін балама әлемдік тәжірибеде жоқ екенін айтсақ та жеткілікті. Егер құнарлы концентрат болмаса, сапалы түпкі өнім алынбайтыны металлургия маңайында жүрген кез-келген адамға мәлім.
"Сынақ алаңына айналған онда талай толымды тәжірибе қалыптасты. Мәселен, жетілдірілген жаңа технологиямен 1987 жылы алынған мырыш концентратына тең келетін балама әлемдік тәжірибеде жоқ екенін айтсақ та жеткілікті".

Уақыт орнында тұрмайды. Онымен бірге өмір де, өндіріс те өзгереді. Турасы – жетілу жағына қарай оң өзгеріс жасалады. Сондай кезекті сәтті қазір №3 Сәтбаев байыту фабрикасы бастан өткеруде.
Жөндеу жұмысын жүргізу және ескірген негізгі технологиялық жабдықты ішінара жаңғырту үшін 2013 жылы 24 маусымда кәсіпорынның үш корпусы толық тоқтатылды. Оның адам күші жалақысы мен әлеуметтік жеңілдігі сақталып, Жезқазғандағы байыту фабрикасына ауыстырылды. Кәсіпорында жүз шақты жұмысшы мен жиырмаға жетер-жетпес инженер-техник қызметкері қалды.
Жөндеу жұмысымен «КазМехСервис» және «КазЭнергоСервис» айналысады. Кезінде «жөндеу-механикалық мамандандырылған басқармасы» және «электр жабдығын жөндейтін мамандандырылған басқармасы» атанған бұл екі кәсіпорын сәтбаевтық байытушыларға етене таныс. Өйткені, байыту фабрикасы қатарға қосылған күннен бастап ағымдағы және алдын-ала жөндеумен айналысып келеді.
Түйіндеп айтсақ, бірнеше ұнтақтау қондырғысы, флотомашина, диірмен, тағы басқа жабдық жөнделеді және айырбасталады. Сөйтіп, кәсіпорынның «екінші тынысы» ашылады. Жаңартылған жабдықпен «Жыланды» жүлгесінің кенін өңдеуге кірісетін сәт те алыс емес.
Әлібек ӘБДІРАШ,
Қазақстан Журналистер одағы
сыйлығының лауреаты.

(Жалғасы. Басы 14.07, 21.07, 28.07  күнгі санда).
Фотографии по теме
Комментарии 0
Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
[ Регистрация | Вход ]
Copyright © 2014 ZhezVestnik.