Главная » 2017 » Август » 9 » «ҚАЗАҚМЫС» – ҚУАТТЫ КОМПАНИЯ

«ҚАЗАҚМЫС» – ҚУАТТЫ КОМПАНИЯ

09.08.2017 в 15:38 просмотров: 1333 комментариев: 0
Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ:
«Басымдығы бар салалардағы бәсекеге қабілетті экспорттық өндірісті дамытуды көздейтін индустриаландыруды жалғастыру керек».
(2017 жылғы Жолдауынан).
 
Шақпақ мыс
Жезқазған мыс қорыту зауыты – әлемге әйгілі кәсіпорын. Одақ кезінде-ақ ол төрткүл дүниеге танылған. Қазақстанда қазір мыс өндіретін кәсіпорын көшін бастап тұрған бұл зауыт әлемдегі алғашқы ондық қатарында.
Кенші жөнелткен жентек-жентек кенді баптаған байытушының құнарлы концентратынан металлург шақпақ мыс шығарады. Алдымен, байыту фабрикасынан келген концентрат шихта дайындау цехында ширатылып, одан әрі балқыту цехына жөнелтіледі.
 Біреуі анау-мынау өндірістік буыныңды он орап алатындай үш бөлімшеден тұратын балқыту цехын «металлургиялық өндірістің өзегі» деп әспеттесек артық емес. Көпшілік көзбен көрмесе де, көңілінде берік ұялаған күреңқызыл балқыма осында алынады.
Саф алтындай сары мыс, түпкі өнімнің тұсауы кесілетін тұс – электролиздеу цехы. Мұнда шақпақ мыстың сапасын арттыруға бағытталған электролит температурасын реттейтін және оның құрамындағы активті затты бақылайтын автоматты желі өндіріске енгізілген.
«Қазақмыс» құрылымында алатын өзіндік салмақты орны бар бұл зауыт ұжымы шуақты шақты да, қиын кезеңді де көрді. Дағдарыстың дүрбелеңін қажымас қажыр-қайратпен, үздіксіз ізденіспен жеңді. Жаңашылдыққа ұмтылды, жетістікке жігерленді.
Тегі темірдің түбі тозатыны түсінікті. Оның үстіне өндірістегі технологияның табандап тұрып қалмай, жетілдіріліп отыратыны тағы мәлім. Демек, уақыт талабына сай заманауи жүйелі жаңғыру – табиғи заңдылық. Жезқазғандық металлургтердің де мақсаты – өндірісті жаңғырту жолымен жаңа жетістікке жету.
2013 жылы қыркүйекте «Қазақмыс» басшылығы Жезқазған мыс қорыту зауытын тоқтатты. Мамандардың мәлімдеуінше, мұндай шешім мыс балқыту қуатын дамыту келешегін зерттеу қортындысына сүйеніп қабылданды. Дегенмен, кезінде осы «консервациялау» көпшіліктің көңілін күпті қылды.  
 Бірақ, босқа алаңдапты. Кәсіпорынның уақытша тоқтап тұруы жұмысшы жалақысына кесірін тигізбеді. Өйткені, қайта құру кезінде оның әлеуметтік әсерін әлсірету үшін «Қазақмыс» басшылығы пәрменді қолдау көрсетіп, орташа жалақы кәсіпорын қайта қатарға қосылғанша сақталды.
Зауыт шақпақ мыс шығармаған шақта жұмыс күшінің бір бөлігі концентрат тиеуге тартылды. Күкірт қышқылы цехы Балқаштан келген шикізатты байыту фабрикасына айдап, залалсыздандырумен айналысты. Қалғаны кәсіпорынды қаңтаруға қатысты шараны атқарды.
Бір жыл көлемінде зауыт қайта қатарға қосылды. Оған бірнеше фактор ықпал етті. Соның ең бастысы – мемлекет тарапынан көрсетілген қолдау. Сосын металл нарығындағы әлемдік жағдаяттың жақсаруы. Осының негізінде тиісті оңтайлы шешім қабылданды.
Өндірісте оңай шаруа жоқ. Дегенмен, маман біліктілігіне зауытты қайта қатарға қосу кезінде кездескен ағымдағы қиындық кедергі келтіре алмады. 2014 жылы тамыз-қыркүйекте дайындық жұмысы жүрді. 15 қыркүйекте №2 пеш қыздыруға қойылып, 18 қазанда қара мыс алды.
Қарашаның алғашқы аптасында шақпақ мыс шығарылды.
Қысқасы, кәсіпорынды қайта қатарға қосу кестеге сай жүрді.
Қазір кәсіпорын бұрынғы пирометаллургиялық тәсілмен тауарлы өнім шығарады. Түсінікті тілмен айтсақ, алдымен мыс концентраты электр қуатымен балқытылады, сосын алынған балқыма отпен және электролит ертіндісімен одан әрі тазартылып, сосын сапасы төрт тоғыздықпен (99,99%) таңбаланатын шақпақ мыс шығарылады.
Құнарсыз шикізат өңдейтін гидрометаллургиялық технологияны өндіріске енгізу бағытында да жұмыс жүруде. Ресейлік «РусРедМет» ғылыми-зерттеу бірлестігімен білек біріктірген «КазГидроМедь» компаниясының инновациялық технология ғылыми-зерттеу орталығы құнарсыз кенді кешенді өңдеудің тиімді технологиясын жасады.
Жезқазған мыс қорыту зауытында құнарсыз кеннен алынған қара мысты гидрометаллургиялық өңдеудің технологиясын тексеретін әмбебап қондырғы монтаждалып, өнімділігі сағатына 5 тонна концентрат шығаруға жететін тәжірибелік зауыт салынады. Оның жобасын ресейлік «РИВС-проект» жасады.
Жезқазғандық металлургтер зауыт құрылысына да, жұмысына да қатысады. Гидрометаллургиялық өңдеу технологиясы келешекте, ең алдымен, баланстағы және балансқа алынбаған кенді, бұрын есептен шығарылған қорды, ұзақ жыл жиналған өндірістік қалдықты аз шығынмен өңдеуге мүмкіндік береді.
Сөйтіп, кәсіпорынның өндіріс көлемі ұлғаяды. Жезқазған аймағында жұмыс істеп тұрған кеніш «ғұмыры» ондаған жылға ұзарады, экологиялық жағдай жақсарады. Шақпақ мыстың өзіндік құны 1,6 есе арзандайды. Кәсіпорынның келешегі келісті. Ұжым болашағына селкеусіз сеніммен қарайды.
Әрине, жаңғырту жолымен жоғары жетістікке жетуге жұмылған жезқазғандық металлургтер өнім сапасын жақсартуды басты назарда ұстайды. Онсыз талғамы тегеуірінді тапсырыс иесінің талабын қанағаттандыру қиын. Сондықтан, катод мысының құрамындағы қоспа мөлшерін еуропалық стандарт деңгейінде ұстауға ұмтылады.

Мыс ширатпасы
Жезқазған мыс ширатпасы зауыты, қарапайым түсінікті тілмен айтсақ «Казкат» – заманауи, әлемдік үлгімен үндес, экологиялық жағынан таза бірегей кәсіпорын. Негізгі өнімі – 8, 16, 18 миллиметрлік мыс ширатпасы.
Бірден айтайын, мұндай тектес кәсіпорын Қазақстанда жалғыз.
Ал, оны салу туралы шешім кеңестік кезеңде шыққан, нақтысы – 1990 жылы қазанда қабылданды. Түркиялық «Энтес» фирмасы 1994 жылы 3 қарашада кәсіпорынды қатарға қосты. Тұсаукесер салтанатына Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Түркияның Қазақстандағы елшісі қатысты.
Жалпы, әлемде мыс ширатпасын шығарудың үш түрлі технологиясы бар. Жезқазғанда игерілгені – американдық «Southwire» компаниясына тиесілі: мыс ширатпасын үздіксіз құю мен прокаттаудың уақыт сынынан сүрінбей өткен тәсілі. Оны жезқазғандықтар мінсіз меңгеріп алған.
Жабдық жағы толық автоматтандырылған: сом білектің күшімен, қолмен атқарылатын жұмыс жоқ. Өндірісті одан әрі жетілдіру жолында ұжым басшылығы кез-келген мүмкіндікті қолдан шығарып алмауды қарастырады.
Тіпті тыңнан түрен салуға тура келетіні бар. Мәселен, мыс қорыту зауытының балқыту цехындағы анод пешіне қайта құру жұмысы жүргізілгенде құймақалыпты, электролит цехы үшін штанга құюды қолға алып, сәтті игерді. Бұл мұндағы мол мүмкіндікті көрсетті.
Мердігер мекеме қызметін барынша аз тұтынуға тырысады. Айталық, негізгі балқыту агрегатына күрделі жөндеуді 2-3 қосымша мамандық меңгерген зауыт жұмысшысы өзі жүргізе береді. Ұжымдағы жүз шақты адамның әрбір бесіншісі кәсіпорын тұсауы кесілген күннен жұмыс істейді.
Әлемдік нарықтағы бетқаратпас бәсекелестікпен беттескен білікті ұжым тек сапалы өнімімен ерекшеленеді. Өйткені, қазір мыс ширатпасын ұсыну мен тұтыну нарығында өте қатал бәсекелестік қалыптасқан. Міне, мысал! Осы зауыт пайдалануға берілгенде Қытайда оған балама бірде-бір кәсіпорын жоқ еді. Бүгінде мыс ширатпасын шығаратын он бесі істеп тұр.
Ресей мен іргелес Өзбекстанның да осындай өз зауыты бар. Бұл нені білдіреді? Өнім өткізетін нарық ауқымы қаншалықты кемісе, жауапкершілік салмағы соншалықты артады. Бәсекелестік бекиді. Мұндайда басты көрсеткіш – өнім сапасы.
Бұл зауыт жобалық қуатына сәйкес көлемде шығаратын өнімді Қазақстанның толық тұтынуы мүмкін еместігі бастапқы кезде-ақ бірден белгілі болған. Бүгінде оның өнімін жиырма шақты отандық кәсіпорын тұтынады, бірақ, бұл – кәсіпорын қуатының бестен бір бөлігіндей ғана.
Өнімді Оңтүстік Корея мен Түркияға да өткізіп көрген. Алайда, тасымалдау шығыны шығандап кетіп, тиімсіз болып шықты. Жезқазған-Бейнеу теміржолының пайдалануға берілуі үкіленген үмітті оятты. Таяу-шығыс нарығына шығуға мүмкіндік туды. Түркия, Иран, Әзірбайжан мыс ширатпасына қызығушылық танытып отыр.
Әзірге негізінен Ресей нарығында жұмыс жүргізуде. Өйткені, онымен бірегей кеден одағында болу оң ықпалын тигізіп отыр. Келесі кезекте – Қытай. Тапсырыстың басым бөлігі осы елден түседі. Келешекте өнім өткізудің ауқымын арттыру жолы іздестірілуде.
Әрине, зауыт ұжымы әрқилы сәтті бастан өткерді.
 Кәсіпорын толық қуатында жұмыс істеп, өнімін Израиль, Италия, Түркия, Жапония, Оңтүстік Корея, Қытай, Ресей сияқты талай танымал ел таласа тұтынған тұс та есте. Қысқартылған жұмыс күнімен еңбек еткен кезі де кездесті. Дегенмен, жалпы өткен кезеңді жемісті жылдар болды десек, шындықтан шалғай кетпейміз.
Әрқашан алда жүру – олар үшін дағдыға айналған. «Қазақмыс» құрылымында 2004 жылы ИСО 9001:2000 халықаралық үлгісі талабына сай менеджмент пен сапа жүйесін алғаш өндіріске енгізген де осы ұжым. Ал, жыл сайын соны дәлелмен дәйектеп отыру оңай шаруа емес.
Мұнда әркім әріптесіне қол ұшын беруге қашанда әзір тұрады, әрқайсысы ұжымдағы өз орнын біледі. Сосын зейнеткерлікке шығу, қоныс аудару немесе тағы басқа соншалықты салмақты себеп болмаса, беталды жұмыстан шығу деген жоқ.
Кейінгі он жылдың бедерінде бірде-бір апатсыз және жарақатсыз жұмыс істеудің өзі көп жайды аңғартса керек. Әлемдік экономикадағы іркіліс пен қаржы дағдарысы өндіріске өзіндік салқынын тигізетіні сөзсіз. Соған төтеп берсең – бейнетке ұрынбайсың, береке белесінен көрінесің.
Қызық дерек: былтыр қарашада «Казкат» 500 мыңыншы тонна мыс ширатпасын шығарды. Бұл кәсіпорынның 22 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс келді. Осы кезеңде шығарылған ширатпа 1 200 000 шақырымға жеткен екен.
Әлібек ӘБДІРАШ,
Қазақстан Журналистер одағы
сыйлығының лауреаты.
(Жалғасы. Басы 14.07, 21.07, 28.07, 04.08  күнгі санда).
Фотографии по теме
Комментарии 0
Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
[ Регистрация | Вход ]
Copyright © 2014 ZhezVestnik.