«ҚАЗАҚМЫС» – ҚУАТТЫ КОМПАНИЯ
Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ:
«Бұл салаларды одан әрі дамыту ісі шикізатты кешенді түрде қайта өңдеуді тереңдете түсумен берік ұштастырылуы тиіс».
(2017 жылғы Жолдауынан).
«Бұл салаларды одан әрі дамыту ісі шикізатты кешенді түрде қайта өңдеуді тереңдете түсумен берік ұштастырылуы тиіс».
(2017 жылғы Жолдауынан).
«Экономика күретамыры»
Атын атап, түрін түстесек: көлік көп. Соған қарамастан, осы теңеудің тек теміржолға телінуі тегін емес. Әуе, су немесе автокөлік жолы жайына қалған.
Бұл өңірге, нақтысы — кейін «Кеңгір» атанған «Бекболат» ауылына теміржол 1937 жылы түскен, үш жылдан соң Жезқазған қалашығына келген.
Ал, осы «экономика күретамырының» бір тармағы, тағы аймақтағы ауыртпалықтың мың батпан салмағын иығына артқан тарланы — «Қазақмысқа» қарасты Жезқазған теміржол кешені өз тарихын одан да әріден, Қарсақбайды көктей өтіп, Жезқазған мен Байқоңырды 1928 жылы 1 тамызда байланыстырған толық телімі 120 шақырымдық тартабанды теміржолдан тарқатады.
Қалай десек де, тартабанды теміржол өңірді өнеркәсібі өркендеген өндірісті аймаққа айналдырудың алғышартын жасағанын мойындамасақ, тарихқа — қиянат! Отарбаның дүбірінен оянған, көз сүрінер қара кездеспейтін кең дала түрленіп сала берді. Екінші пайдасы — экономиканың әлеуетті саласы саналатын теміржол қатынасын қалыптастыруға елеулі ықпал етті.
Қазір Жезқазған теміржол кешенінің қызмет аясын белгілі бір бағыт бойынша былай үшке бөлуге болады: қалалық алаң, өндірістік алаң, «Жаман Айбат». Осы үшеуін қамтитын теміржолдың жалпы ұзындығы — 555 шақырым 400 метр. Онда бір ширегі кем бес жүз бағыттағыш бекет бар. Осының әрбір алтыншысында жұмыс автоматтандырылған.
Міне, шым-шытырығы шаш-етектен осы шойынжол шаруашылығында қырықшақты мамандықты меңгерген мың жарымдай адам еңбек етеді. Осының әрбір бесіншісі — қыз-келіншек, жартысына жуығы — жалындаған жас өрен. Әрине, мәселе адамның саны мен жынысында немесе жасы мен жасамысында емес, біліктілігі мен атқаратын жұмыс ауқымында. Ондағы он адамның біреуі — жоғары немесе арнаулы орта білімді инженер-техник.
Кешеннің кезек күттірмейтін міндеті — кеніштен байыту фабрикасына кідіріссіз кен тасымалдау мен өндіріске күнделікті қажетті материалды жүйелі жеткізіп отыру. Тулігіне орташа 60-70 мың тоннадай кен тасымалданады. Кеніштің ең қашығы — «Жаман Айбат» жағында жатқан «Жомарт».
Жолшыға жүктелер жұмыстың жауапкершілігі мен ауқымы осыдан-ақ аңғарылады. Апаттың алдын алу, поеаздың кідіріссіз қозғалысын қамтамасыз ету үшін ол бақылауға бей-жай қарамай, анықталған ақауды жедел жөндеп отырады, берілген тапсырманы тиянақты тындыруға тырысады.
Оған табиғаттың төрт мезгілі бәрі-бір. Қыстың қақаған аязы мен дүлей бораны, көктемнің лайсаңы мен күздің өкпек желі, жаздың аптап ыстығы мен аңызағы оған кедергі келтіре алмайды. Теміржол табанын кептелген қардан тазарту, әсіресе, бағыттағыш бекетті таза ұстау — поездың тоқтаусыз жүруіне басты кепілдіктің бірі.
Бақылау барысында байқалған бүлінген рельсті, бағыттағыш бекеттің қосалқы торабын айырбастайтыны тағы бар. Әсіресе, қатты аязда белдік темірдің бұрандасы морт сынып, рельстің арасы ашылып кететіні кездеседі. Сондайда шұғыл шара қолданбаса, апаттың ауылы алыс емесін жолшы жақсы түсінеді.
Ми қайнатқан ыстықта босап кеткен шпалды бекіту немесе шірігенін айырбастауға, сынған не қажалған рельсті ауыстыруға, теміржолдың майысқан тұсын арнайы құралмен стандартқа сай қайта қалпына келтіріп шегелеуге қажыр-қайратпен қатар қаншама шыдамдылық қажет?! Ал, мұндай шаруа жолшының көзі үйренген кәсібіне айналып кеткен.
Болат жолдың бойында жалпы жеңіл жұмыс жоқ. Дегенмен, теміржол кешеніндегі тынымсыз тасымалдың тынысы іспеттес локомотив және вагон қызметінің алатын орны айрықша. Тарихын паровоздан бастаған локомотив қызметі қазір өсіп-өркендеуде. Бүгінде паровоз-тепловоз түгіл электровозың да теміржол тарланына таңсық емес.
Вагон қызметі өзіне жүктелген міндетті орындауға бес жүздей думкар, екі жүздің үстінде жартылай вагон, төрт білікті — 49 думкар, 17 платформа, 25 жартылай вагон, 28 вагон-цистерна пайдаланады. Техникалық ақауды анықтауға және кестеге сай жөндеу жүргізуге арналған 2 депо, 5 техниклық тексеру бекеті, вагон жуатын орын, залалсыздандыру стансасы бар.
Күрделі жөндеу «Жаңа» және «Солтүстік» депосында атқарылады. Тиісті кестеге сәйкес вагонға сапалы жөндеу жүргізуге барлық жағдай жасалған, қажетті құрал-сайман жеткілікті. Кез-келген торапты көңілдегідей күрделі жөндеуден өткізуге әбден болады. Осының арқасында кен керуенінде кешеуілдеу кездескен емес.
Әрине, теміржол кешенінің тыныс-тіршілігі мен тындырып жатқан қыруар шаруасын қысқа мақалада толық қамту қиын. Сондықтан, жеңіл-желпі шолу жасаумен шектелдік. Тындырымды теміржолшының темірдей тегеуірінді ұстанымы — жазатайым жағдайға жол бермей, жарақатсыз жұмыс істеу.
«Өндіріс өзегі»
Энергетиканы өндірісті өлке өрені осылай әспеттейді. Өте орынды! Өйткені, кен қазғаннан саф алтындай сары мыс алғанға дейінгі аралықта атқарылатын ауқымды алуан шаруа электр қуатының күшіне негізделген. Қуатты энергетикасыз өндіріс еңсерілмейді. Осыны ескерген «Қазақмыс» өз өндірісі орналасқан аймақтағы энергетика көзін қанатының астына алды.
Оның сыртында әлеуметтік астар тағы бар. Сонау тоқсаныншы жылдардың ортасынан жабдықтау жағы жекеменшікке берілгенше «Қазақмыс» жылу-электр қуатының тарифін көтермеген керемет кезеңді көпшілік әлі ұмыта қойған жоқ. Себебі, әлеуметтік ауыртпалықты жеңілдетуді көздеген ол ел үшін артық шығынды мойнына алды.
Кәсіпорын дамуының тиімділігін арттыру аясында «Қазақмыстың» энергетикалық активі 2013 жылы 8 қарашада Қарағанды ГРЭС-ін, Жезқазған мен Балқаштың жылу-электр орталығын қамтитын жеке «Kazakhmys Energy» ЖШС-не біріктірілді. Өткен жылы ол өндірген жалпы электр қуаты 930 МВт-ға жетті.
Жаңа құрылым қызметінің негізгі міндеті — электр қуаты мен жылу өндіріп, «Қазақмыстың» өндірістік нысаны мен Жезқазған, Сәтбаев және Балқаш қаласын, Топар мен Абай қалашығын, тағы басқа бірқатар аймақты қамтамасыз ету. Ол өндірген жылудың жартысына жуығы компанияның ішкі қажетіне жұмсалады, қалғаны сырт тұтынушыға таратылады.
Холдинг құрамына кіретін «Жастар» және «Қушоқы» көмір разрезі «Kazakhmys Energy» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне қарасты электр стансасын, Қазақстан мен Ресейдегі басқа да тұтынушыны энергетикалық көмірмен жабдықтайды. Өндірілген көмірдің оннан бір бөлігінен сәл астамы экпспортқа шығарылады.
Компанияның энергетикалық активі ұзақ уақыттан бері пайдаланылып келеді. Мәселен, Балқаш жылу-электр орталығы (ЖЭО) — 1937 жылы, Жезқазған ЖЭО — 1959 жылы, Қарағанды ГРЭС-і 1962 жылы қатарға қосылған. Ал, ондағы жабдықтың күйі айтпасақ та, түсінікті. Оны күтіп ұстап, тиімді пайдалануға жылда қыруар қаржы жұмсалады.
Бұл жалғыз осы компанияның басындағы қиын жағдай емес. Кейінгі кезде елде электр қуатын өндіретін бірде-бір іргелі кәсіпорын қатарға қосылмады. Жұмыс істеп тұрғанының жабдығы жарамсыз күйге жеткен, торабы тозған. Тарату жүйесі де жетісіп тұрған жоқ, басым бөлігі толық жаңартуды талап етеді.
Қазір бүкіл әлем электр қуатын қайталама көздің көмегімен өндіру үлесін ұлғайтуға бағыт ұстауда. Экологиялық жағынан таза, әрі электр қуатын үнемдеуге оңтайлы технологияны жасау мен енгізуде әлемде мол тәжірибе жинақталған. Энергия көзінің шамамен 15 шақты балама түрі бар. Мәселен, Швецияда әрбір үшінші тұрғын үй жылу насосымен жылытылады.
Ал, әлемде мұнай өндіруден жетекші ел саналатын Біріккен Араб Әмірлігінің Масдар қаласы тек қайталама қуат көзін тұтынады екен. Бірқатар елде бұл салаға мемлекттік қолдау көрсетудің пәрменді шарасы қарастырылған. Швеция, АҚШ пен Англияда қайталама электр қуатын пайдаланудың міндетті квотасы белгіленген.
Қазақстанның қайталама энергия көзінен жетекші мемлекет қатарында болуға толық негіз бар. «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесінде болған адам оған айқын көз жеткізеді. Елде су, жел, күн, геотермиялық көз, биомасса түрінде айтарлықтай қайталама энергия ресурсы шоғырланған. Бізге су мен желден электр қуатын өндіру анағұрлым тиімді.
Шетелдік сарапшылар пайымдауынша, Қазақстан жел энергетикасына барынша қолайлы. Желдің орташа жылдық жылдамдығы секундына 6 метрге жетіп жығылады. Астана, Ақтау, Арқалық, Ерейментау, Қарқаралы қапталы, Жоңғар қақпасы, Алматы облысындағы Шелек дәлізі, тағы басқа бірқатар өңір — жел электр стансасын салуға барынша қолайлы жағдай бар аймақ.
Кейбір жоба қазірдің өзінде қолға алынды. Алайда, үлесі мардымсыз. Әзірге Қарағанды облысында Шахтинск қалашығы, Шығыста «Қазмырыш» АҚ жылу насосын пайдаланады. Алматы облысының Есік өзенінде қуаты 5 мегаваттық ГЭС істеп тұр. Кейбір фермер мен шаруа қожалығында шағын жел стансасы бар. Күннен қуат алатын құрылғы қолданатын да кездеседі.
Елбасы Н.Назарбаев қайталама ресурсты тиімді пайдалану мәселесіне қашанда үлкен мән беріп келеді. Ол: «Қайталама энергия көздерін жан-жақты пайдалану — ХХІ ғасырдағы тұрақты энергетиканың басым бағыттарының бірі» деп, қадап айтты. Қысқасы, энергетикалық мәселені шешуде Қазақстан қарап отырған жоқ.
Қазір «Ұлттық электр желісін жаңғырту» жобасының бірінші кезегі жүзеге асырылуда. Соған сәйкес, көмекші стансаны автоматтандыру мен реттегіш-қорғаныш жабдығын жақсарту, энергетикалық қуат көзін басқаруды жетілдіру, телекоммуникациялық-корпоративтік үйлестірілуін қамтамасыз ету тұрғысында едәуір іс тындырылды.
Индустриалдық-инновациялық даму бағдарламасы аясында қатарға қосылатын жаңа кәсіпорын энергетикалық зәрулік көрмеуіне Қарағанды облысында жете көңіл бөлінеді. Облысты дамытудың құрамдас бір бөлігі болып табылатын бұл саланың арнайы бағдарлама бар. Оның түпкі мақсаты — аймақтың әлеуметтік-экономикалық ахуалын жақсарту.
Әңгіме орайында, осы бір аса ауқымды да күрделі мәселені шешуге «Қазақмыс өзіндік үлес қосып келе жатқанын айтқан орынды. Ол өз өндірісі орналасқан аймақтағы ЖЭО мен қазандыққа қамқорлық көрсетіп, жәрдем жасап қана қоймай, Қарағанды қапталындағы Топар қалашығында қуаты 55 мВт агрегатты қатарға қосты.
Әлібек ӘБДІРАШ,
Қазақстан Журналистер одағы
сыйлығының лауреаты.
Қазақстан Журналистер одағы
сыйлығының лауреаты.
[ Регистрация | Вход ]