Главная » 2017 » Сентябрь » 15 » «ҚАЗАҚМЫС» – ҚУАТТЫ КОМПАНИЯ

«ҚАЗАҚМЫС» – ҚУАТТЫ КОМПАНИЯ

15.09.2017 в 10:23 просмотров: 880 комментариев: 0
Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ:
«Жаңа индустриялар қалыптастырудың маңызды шарты инновацияны қолдау және оларды өндіріске тезірек енгізу болып табылады...
Бізде уақыт талабын лайықты қабыл алып, елімізді одан әрі жаңғырту жөніндегі міндеттерді орындаудан басқа жол жоқ».
(2017 жылғы Жолдауынан).

Инновациялық игілік
Инновациялық технология – жаһандану жағдайында инновациялық-индустриалдық дамудың басты белгісінің бірі. Нарықтық экономика жағдайында кез келген кәсіпорынның толайым табысы, оның инновациялық бағыт-бағдары аймақтың әлеуметтік дамуымен, ұжым мүшесінің тұрмысын түзеуімен тығыз байланысты.
Басшылығы тың инновациялық кеңістік қалыптастырған, басты назарды өндіріс тиімділігін жедел арттыратын стратегиялық бағытқа аударған, жаһандық нарықтың ерекшелігін екшеген, инновациялық технологияны ілгерілеу тетігі деп түсінген «Қазақмыс» – аймақта ғана емес, әлемдік деңгейде жаңашылдыққа, жағымды жаңалыққа бір табан жақын бірегей компания.
Экономикадағы әлемдік дағдарысты тастүйін дайындықпен қарсы алған «Қазақмыс» күрделі жаңа жағдайда шұғыл шаруаны өндірістің ескірген техникасы мен технологиясын жаппай жаңғыртудан бастады: кенішке жетілдірілген қуатты жабдық, кен байыту мен шақпақ мыс шығару өндірісіне тиімді тәсіл енгізді. Еңбек ұйымдастыруда әлеуметтік сипатына көңіл бөлді. Инновациялық-экономикалық нарықтық тұтқаны іске қосты.
Компанияның ғылыми-өндірістік кешенін басқарудың әлеуметтік сипатын әлеуметтік-инновациялық ілгерілеу құралы болуға қабілетті инновациялық стратегия айқындайды. Өркендеу өрісінің қозғаушы күші ретінде икемді инновациялық саясат ұстанады. Ал, қазіргі ұстанған қауіпсіздік саясаты компания келешегінің әлеуметтік айшықты ажарын аша түскендей.
 Өндірілген тауар әлемдік рынокта бәсекеге төтеп беруі үшін өндіріс пен ғылымның берік байланысы жолға қойылған. Базалық технологияны кең көлемде қамту, тапқан пайданың белгілі бір бөлігін инновациялық технологияға жұмсау өндірісті жаңғырту саласында белсенділік ахуалын қалыптастыруға жол ашты.
Инновациялық стратегияны орындауда маманның инновациялық менеджментін қалыптастырудың алатын орны ерекше. Олар әлемдік деңгейдегі ғылыми және өнертапқыштық жетістікке негізделген инновациялық жоба мен бағдарлама жасап, жүзеге асыруға қабілетті болса компанияның жұлдызы жанғаны.
«Қазақмыс» шыңырауда шикізат өндірген кеншінің, құнарлы концентрат алған байытушының, Арқаны әлемге әйгілеген шақпақ мыс шығарған металлургтің басын біріктірген компания ғана емес, онда қуатты да қабілетті ғылыми-инженерлік корпус қызмет көрсетеді. Оның арасынан небір ұтқыр ұйымдастырушы, білікті кәсіпқой инженер, тәжірибесі толысқан тарлан, теориялық терең біліммен қаруланған ғылым саңлағы, өндіріс пен ғылымды тығыз ұштастырып үнемі ізденіс үстінде жүретін тынымсыз талант табылады.
Олар жер қойнауындағы байлықты тиімді пайдалану, Жезқазған қазба орнының «ғұмырын ұзарту» бағытында ұтымды ұсыныс жасап, жүйелі жүзеге асыруда. Ал, өндіріске енгізген жаңа технологияның тек компания көлемінде ғана емес, жалпы республика экономикасын дамытуда алатын елеулі маңызы зор.
 Ғылыми-инженерлік корпусқа және өндірістің ішкі резервін тиімді пайдалануға, техникалық-экономикалық жоспарлауға, өндірістік процестің барысын есептеу мен бақылауға, өндіріске экономикалық және техникалық қызмет көрсету мен оны басқаруға айрықша назар аударылған.
Ғылым мен өндірістің байланысын нығайту компанияны басқару қызметіндегі елеулі фактор болып табылады және сапалық жаңа деңгейге көтеріліп келеді. Мәселен, ғылыми ізденісті дамыту мен өндіріске енгізу аймақ экономикасын өркендетуге сәйкес мақсатты сипат алған.
Бұл жұмыс күшін тиімді орналастыру, пайдалы қазбаны барлау және игеру, техника мен технологияны жетілдіру, инновациялық процеске басшылық жасау сияқты маңызды міндетпен берік байланысты. Қызметкердің кәсіби біліктілігі мен білімін көтеру аймақтағы индустриялдық секторда өтіп жатқан инновациялық үдерісті тереңірек түсінуге игі ықпал етеді.
Сондықтан, елдегі және жергілікті жердегі жоғары оқу орнын былай қойғанда, шалғайдағы шетелде оқыту жобасын жүзеге асыруға компания қыруар қаржы жұмсап келеді. Инновациялық үдеріс ұжымдық жаңа дәстүр, жеке жауапкершілік, келешекке сеніммен қарау секілді көзқарастың тың үлгісін қалыптастырады.
Жаңашылдыққа ұмтылыс ахуалын қалыптастыру өндірісті жаңғырту бағытында адамның белсенділігін арттырады. Ал, қолайлы инновациялық ахуал әлгі белсенділік оң нәтижеге жеткізетін әлеуметтік жағдай жасайды.

Уақытпен үндес үдеріс
Дүниені дүркін-дүркін дүрліктірген дағдарыс «Қазақмысқа» да қиғаш килікті. Бірақ, оған бой беретін компания байқалмайды. Дағдарыс дүмпуіне салиқалы стратегияны қарсы қойып, күтпеген көлденең қиындықтан құтылудың тиімді жолын тауып келеді. Қол жеткен өндірістік көрсеткіш пен қаржылық қортынды – айтылғанға айқын айғақ.
«Қазақмыстың» қызметі шикізат қорын көбейтуге, өндіріс көлемін ұлғайтуға,  өнімнің өзіндік құнын кемітуге, басқару сапасын көтеруге, тағы басқа мақсатты жұмыс жүргізуге бағытталған. Көздегені – әлемдік үлгідегі тиімділігі жоғары өндіріс кешенін қалыптастыру.
Әлемдік нарықта мыстың сауда-саттығындағы сылбырлық салқынын тигізгеніне қарамастан, өндірістің тоқырауына жол берілмеді. Кезінде қоймаға қойылған құрамы кедей кенді қайта өңдеу мен байыту барысында қалқу коэффициентін көтеру жергілікті шикізаттан мол мыс өндіруге мүмкіндік берді.
Ілеспе өнім өндірісі, оның ішінде мырыш концентратын, күміс пен алтын өндіру айтарлықтай артты. Кен өндіру мен өңдеудегі кешенді жұмыс, қаржыны үнемді жұмсауға бақылауды күшейту және шығынды барынша қысқарту рентабельділіктің күрт құлдырауын тежеді.
Әлемдік нарықтағы қолайсыздық компанияның ұзақ мерзімдік жоспарына салқынын тигізе алмады. Соның арқасында сындарлы стратегияға сәйкес басым бағыттағы бірқатар инвестициялық бағдарлама жүйелі жалғасты. Қалыптасқан тұрақты қаржылық ахуал өндірісті одан әрі ұлғайтуға жол ашты.
Компанияда басқару тиімділігін жетілдіру мен шамадан тыс шығынды қысқартуға бағытталған шара жүйелі жүзеге асырылды. Соның бірі – өндірісті жедел басқарудың жаңа құрылымы: кен өндіру кешені мен кен байыту кешені. Бұдан былай екеуі де тікелей корпорация басқармасына бағынады.
Басшылық құрамдағы бастапқы өзгеріс Балқаш бойында басталып, Қарағанды қапталында қортындыланды. Кәсіпорын қызметін қадағалайтын басқарма мен инженерлік-техникалық буын біршама ықшамдалды. Оған іліккен қызметкердің бірқатарына кәсіпорыннан немесе корпорация басқармасынан бос орын ұсынылды.
Қадап айтатыны – өндірісті жедел басқаруға байланысты бұл өзгеріс қатардағы өндірісшіге қатысты емес. Нақты мақсатқа негізделген өндірісті өркендету өрісі, компанияның келісті келешегінің көрнекті көкжиегі «Қазақмыстың ұзақ мерзімдік даму бағдарламасында дәйектелген.
Егер бедерлі белес биігінен өткен жемісті жылдарға көз жіберсек, адамды әдемі әсерге бөлейтін небір елеулі оқиғаның куәсі боламыз. Өндірістік және ғылыми-техникалық әлеуеті жоғары, өндірісті одан әрі ұлғайтып, нығайтуға барлық алғышарт жасалған компания жылнамасының жарқын бетін кенші, байытушы мен металлург қажымас қайрат, іркіліссіз ізденіс, жалындаған жігермен жазуда.
Әрине, атқарылған ауқымды іске толық тоқталып, сыпыра түгендеу мақсат та, мүмкін де емес. Бүгінде маңызды мәселеге айналып отырған берік кен қорының келешегіне қатысты «Қазақмыс» ұстанған сындарлы стратегияға бұдан бұрынғы мақалада тоқталдық. Оған қосарымыз – жаңа кен орнының базасында оны ұқсататын кәсіпорын бой көтереді.
Сондай-ақ, шикізатты тиімді пайдалануға, кен бағанында қалған мысты толық алуға, аралас және тотыққан кенді ұқсатуға, металлургиялық шлакты, пиритті концентрат пен басқа да өндірістік қалдықты кешенді пайдалануға, қоршаған ортаны бүлінуден сақтауға бағытталған жаңа технологиялық үдеріс өндіріске енгізіледі.
Құлашын кеңге сермеген «Қазақмыстың» қарышты қадамына қарап, келісті келешегін көзге елестету қиын емес. Әлемнің әлденеше алпауыт компаниясы қатарында қазақстандық тоғызы тоқайласқан Лондон қор биржасының мамандары – британдық бизнесмен, қарымды қаржыгер мен сарабдал сарапшы оны «келешегі кемел компания» деп, бағалап отыр.
Әлібек ӘБДІРАШ,
Қазақстан Журналистер одағы
сыйлығының лауреаты.
Фотографии по теме
Комментарии 0
Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
[ Регистрация | Вход ]
Copyright © 2014 ZhezVestnik.